«Өлке тарихы»

13 июля 2012 - Администратор

 

   Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстанның солтүстігіне, Батыс-Сібір ойпатының оңтүстігіне орналасқан, Сарыарқа деген атауымен мәлім. Солтүстіктен оңтүстікке дейінгі қашықтығы 375 километрді, батыстан шығысқа дейін 602 километрді құрайды.

Облыс 1999 жылғы сәуірден бері қазіргі шекарасында, 98 мың шаршы километрді алып жатыр. Шекарасының жалпы ұзындығы 2789,6 километрді, оның ішінде Қостанай облысымен шектесуі – 356,9, Ақмола облысымен – 963,8, Павлодар облысымен 265,1 километрді құрайды. Ресей Федерациясымен шекарасы 1203,8 километрге, оның ішінде Қорған облысымен – 259,1, Түмен облысымен – 182,6, Омбы облысымен 762,1 километрге созылып жатыр.
  Облыста Айыртау, Ақжар, Аққайың, Ғабит Мүсірепов атындағы, Есіл, Жамбыл, Қызылжар, Мағжан Жұмабаев, Мамлют, Тайынша, Тимирязев, Уәлиханов, Шал ақын атындағы – 13 әкімшілік аудан; бес қала – Петропавл, Сергеевка, Булаево, Мамлютка, Тайынша; 208 ауылдық округ пен 727 елді мекен бар.
  Облыстың әкімшілік орталығы – Петропавл қаласы.
   Біздің облысымыздың тарихына келсек, ол әрі бай, әрі ұзақ шежіре.
  Өлкеміздің ежелгі тарихы Ботай, Байқара мен Бағанаты обалары, Ақтау, Долматов қалашықтары маңынан табылған археологиялық жәдігерлер арқылы кеңінен танымал. Олар осы жерді мекен еткен тайпалардың әскери өнері, тұрмысы, мәдениетінің жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Адамзат өркениетінің дамуында Солтүстік Қазақстан өзіндік бедерімен ерекшеленеді: жер бетінде алғаш рет жылқыларды қолға үйрету біздің кең даламызда жүзеге асырылғанын бүкіл әлемнің ғалымдары мойындады. Жылқы шаруашылығы, қола құю өндірісі, жер өңдеу өз бастауын андронов дәуірінен алады.
   Бұдан кейінгі Солтүстік Қазақстан жылнамасы Дешті Қыпшақ мемлекетінің орнығуымен, аса мықты Алтын және Ақ Орда, Жәнібек пен Керей хандар құрған мемлекет туралы, өнеркәсіп өркендеп, темір жол төселген Ресей империясына кезең-кезеңмен қосылуымен байланыстырылады.
Тәуелсіздік туын Абылайхан көтерген, Ресей империясы мен Орта Азия елдерінің шектес облыстарын жалғастыратын керуен жолдары өткен, өлкеміздің бай тарихы өте ерте кезден басталады.
  Солтүстік Қазақстан – халық батыры Қожаберген жыраудың Отаны, ол Жоңғар шапқыншылығы – ұлы үркіншілік жылдары халықтың мұң-мұқтажын жырға қосып, «Елім-ай» әнін шығарды, осы ән кейін әнұранға айналды. Ұрыстарда жауға бірге шауып, халық жадында үзеңгілес батырлар атанған Қарасай мен Ағынтай. Осы арадан жорыққа аттанып, туған жерлеріне қайта оралған Батыр Баян мен Ер Жабай, Толыбай сыншы халық мақтаны.
Айыртау ауданының Сырымбет шатқалында қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов өмір сүргені мәлім. Қазір мұнда Шоқанның мемориалдық мұражайы және Айғаным мемориалдық кешені ашылған.
  Артына өлмес мұра қалдырған Шал ақын, Сегіз Сері, Үкілі Ыбырай өскен өңір.
  Ақ қайыңды, көгілдір көлді өлкені Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Иван Шухов, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов тағы басқалар өз шығармаларының арқауы етті.
  Қазақ жерінен біздің жерлес-ғарышкерлер Владимир Шаталов пен Александр Викторенко ғарышқа самғады. Біздің облысымыздан шыққан заманымыздың белгілі ғалымдары Ебіней Бөкетов, Мұрат пен Нағима Айтқожиндер, Аманжол Қошанов, Зейнолла Молдахметов, Еренғайып Шайхутдиновтарды мақтан етеміз.
  ХХ ғасыр тарихи оқиғаларға толы болды.
  КСРО Жоғарғы Орталық Ақтару Комитетінің «Қазақ АССР-інде жаңа облыстар құру туралы», дәлірек айтқанда, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстарын құру туралы Қаулысымен біздің облыс 1936 жылғы 29 шілдеде шаңырақ көтерді. Бұрынғы Қарағанды облысынан бөлінген біздің облыстың орталығы – Петропавл қаласы. Ал Қарағанды облысының орталығы Қарағанды қаласы болды. Сол кезде біздің облыстың құрамына 25 аудан мен 5 қала (Ақмаола, Атбасар, Көкшетау, Петропавл, Степняк) кірді. (Кейінгі кездердегі өзгерістерге орай, 1939 жылы Атбасар, Степняк және Шучье қалалары тиісті аудандармен қоса жаңадан ашылған Ақмола облысына қарап кетті).
  Әкімшілік-аумақтық қайта құру тиімді болды, республикамыздың ең терістіктегі облысы тың және тыңайған жерлерді игеру жылдары ең озық облыстардың біріне айналды. Осы салтанатты сәтті атап өту мақсатында араға отыз жыл салып, 1966 жылғы 28 қазанда Солтүстік Қазақстан облысы сол тұстағы ең жоғары мемлекеттік наградалардың бірі – Ленин орденімен марапатталды.
Облысымызға Ленин орденін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі тапсырды.
Туған өңіріміз республикада алғашқылардың бірі болып толықтай электрленген өлкеге айналды. 1957 жылдың өзінде-ақ барлық елді мекендерге радио тартылды.
  Ұлы Отан соғысы жылдарында 120 мың солтүстікқазақстандық майданға аттанып, өз Отандарын лайықты қорғады. Біздің жерлестеріміздің батылдығын олардың 55-нің Кеңестер Одағының Батыры, 11-нің Даңқ орденінің толық иегерлері болуы дәлелдейді.
Солтүстікқазақстандықтар майданда ғана емес, тылда да қажырлы еңбек етіп, Ұлы жеңіске өз үлестерін қосты. Соғыс жылдарында облысқа 20 қорғаныс кәсіпорындары көшіп келді.
   Тың игеру жылдары – біздің облысымыздың мемлекеттің ең көп астық қорын жинақтаушы өлкесіне айналған, қарыштап дамыған кезеңі.
Тың жерлерді игерудегі көрнекті табыстар үшін 1957 жылы солтүстікқазақстандық 12 азаматқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Солардың қатарында «Ишим» кеңшарының директоры Андрей Гайдуков, Шағалалы МТС-інің трактор бригадасының бригадирі Әбу Сыздықов, оның «Москворецкий» кеңшарындағы әріптесі Петр Чижевский, Коновалов МТС-інің комбайншысы Антон Энгель және басқалары бар. Кейін олардың қатарына «Қарағанды» кеңшарының директоры И.Миллер қосылды. Бескөл ауданындағы «Тоқшын» кеңшары облыстың басқа да ұжымдарының ішінде бірінші болып Ленин орденімен марапатталды.
   Біздің өлкеміз – ұлт зиялыларының да бесігі болған мекен.
  Солтүстікқазақстандықтар өздерінің өлкесі қазақ әдебиетінің классиктері Мағжан Жұмабаевтың, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, Иван Шуховтың туған жері екендігін мақтаныш етеді. Жерлес ақын-жазушыларымыздың шығармалары көп ұлтты Қазақстан әдебиетінен лайықты орын алды.
Бұл өңірде кезінде әлемге танымал «Конек-Горбунок» ертегісінің авторы Петр Ершов өзінің балалық шағын өткізген, ақын-декабрист Николай Чижов осында жер аударылған, ақын-петрашевшіл Сергей Дуров солдат боп қызмет етті, колчакшылардан өлкені азат ету күндерінде аты аңызға айналған солдат Швейктің образын жасаған чехтың жазушы-сатиригі Ярослав Гашек интернационалдық күрес жүргізді, кеңестік көрнекті жазушылар Всеволод Иванов пен Сергей Марков әдебиет майданына осы жерден аттанды, белгілі жазушы-фантаст Александр Казанцев осында өмір сүрді. Ақын-революционер Баймағамбет Ізтөлин, қазақ фольклорының озық үлгісінің бірі «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын алғашқылардың бірі болып, орыс тіліне аударған Георгий Тверитин осы өңірден түлеп ұшты, осы аймақтан қазақтың көрнекті ағартушы-демократы Шоқан Уәлиханов Ф.М. Достоевскийге өздерінің хаттарын жазды.
    Солтүстік Қазақстан көне заманнан бері өзінің атақты талант иелерімен даңққа бөленген. Қазақ әдебиеті тарихында осы облыс аймағында өмір сүрген Шал ақын деген атымен танымал болған Тілеуке Құлеке есімі айырықша аталады.
Есіл бойында суырып салма ақын Молдахмет Тырбиевтің атағы шыққан. Қонысбай Айжанов, Уахит Темірбеков, Игібай Әлібаев, Ахметжан Нұртазин, т.б. сөз өнерлерінің хас шеберлері халық ақындарының дәстүрін одан әрі жалғастыра білді.
Біздің жерлестеріміздің ішінде көркем әдебиеттің көрнекті сөз шебері, Қазақстанның халық жазушысы Сафуан Шаймерденов, Ебіней Бөкетов есімдерін мақтанышпен айтамыз. Ұлты неміс Герольд Бельгер қазақ ауылында өсіп, қазақ орта мектебін бітірді, ол қазақ әдебиетінің 150-ден астам шығармасын орыс тіліне аударды.
    50-жылдарда аймақта әдебиетті дамытуға орай Петропавлда Қазақстан Жазушылар одағының облысаралық бөлімшесінің құрылуы бұл салаға жаңа серпін берді, оны көптеген повестер мен романдардың авторы, жастар шығармашылығының ұстазы Борис Петров басқарды. Осы жылдары жазушы Зейнел-Ғаби Иманбаев, ақындар Владимир Шестериков, Георгий Шамов, «Есіл жағасында» пьесасының авторы Михаил Аверин, сықақшы Александр Ветров, өлеңдер топтамасы шыққан Альфред Прянников, Август Гусинский, Иван Плетухин, Олег Мухин, Владимир Адерихин, Николай Белозеров, Андрей Растихин, әңгіме жанрында Сергей Шевченко, рецензиялар авторы Римма Сергеева, зерттеу еңбектері жарияланған Борис Дивинскй, т.б. шығармашылықпен белсенді түрде айналысты. Петр Осипов «Қазақстан» баспасынан бірнеше деректі повестерін шығарды. Петропавлда туған Нури Арсланов татар әдебиетінің сөз шеберіне айналды.
   Тағдырлары Солтүстік Қазақстанмен жалғасып жатқан Есләм Зікібаев, Хамза Абдуллин, Әмина Шалабаева, Андрей Кияница, Леонид Макеев, т.б. белгілі ақын- жазушылар шығармалары оқырмандар ықыласына бөленген. Қаламызда тұрып , өңірдің бұқаралық ақпарат құралдарында ерен еңбек еткен, белгілі ақын-жазушыларымыз - Мүтәллап Қанғожин, Бақыт Мұстафиннің қатарына - Ерік Асқаров, Зейнолла Әкімжанов, Тоқтар Зікірин, Ербол Шаймерденов, Жарасбай Сүлейменов, Жақсыбай Самрат сынды ел азаматтары қосылды. Көркем сөз шеберлерінің қалыптастырып кеткен әдеби дәстүрін кейінгі толқын жалғастыруда.
Қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы күн санап көркейіп, өте күшті қарқынмен дамып, халқының әлеуметтік, мәдени, рухани дәрежесі үздіксіз шарықтап келе жатқан аймақ. Оның болашағы бүгінгіден де сәулетті боларына сенім мол. Мұның кепілі қуаттана түскен экономика, білімі мен білігі, мәдени, интеллектуалдық, рухании деңгейі жоғары, әлеуметтік белсенділігі күшті, ауызбіршілігі мықты жұртшылықпен сол жұрт бірауыздан қолдап отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясаты, кемеңгер ақыл-ойы. Бұған облыс басшысы мен жергілікті биліктің білгірлігін, серпінді қимылын да қосуға болады.
    Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласы.
   Петропавл – әсем де қазіргі заманға сай, серпінді дамып келе жатқан қала. Қалалықтар оның бай тарихымен де, бүнігі күнгі тамаша жетістіктерімен де мақтана алады. Қаланың сәулетінде әртүрлі дәуірдің белгілері анық байқалады: ХIX ғасырдағы сауда орталығының тарихын бейнелейтін ескі көпес және дворян үйлерінен бастап, соңғы ағымдарға сай келетін қазіргі заман ғимараттарына дейін бар.
Қарасай және Ағынтай батырлардың ескерткіші қаламыздың алаңдарының бірінің ажарын ашып тұр. 2006 жылы Қазақстан Тәуелсіздігінің 15 жылдығы құрметіне Петропавлда бірегей «Абай және Пушкин» мүсіндік композициясының ашылуы болды. Қайта жаңартылған облыстық өлкетану мұражайы ғимаратының қабырғасына орнатылған екі ұлы тұлға – Шоқан Уәлиханов пен Федор Достоевскиий бейнеленген барельеф қазақ және орыс халықтарының достығының символы іспетті.
    Қазақстан республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұмыс сапары кезінде тамыз айында «Абылай хан резиденциясы» мұражай кешені салтанатты түрде ашылды. Қалпына келтірілген Абылайдың ақ үйі – аты аңызға айналған саяси қайраткер тұлғаның рухына тағзым белгісі, қазақ мемлекетінің және ұлттық тарихымыз бен мәдениетіміздің раритеттері сақталатын орын.
   2010 жылы қаланың Орталық алаңында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері» сәулеткерлік композициясы салтанатпен ашылды.
Петропавлдың біртұтас шаңырағы астында 70-тен астам ұлт пен ұлыстардың өкілі бейбіт өмір сүріп, жасампаздықпен еңбек етуде.
   Қазіргі кезде «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» Акционерлік қоғамы елдің мұнай-газ кешеніне арналған жабдықтарды өндіреді.
  Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында «ЗИКСТО» акционерлік қоғамында астық тасымалдауға арналған жабық хоппер-вагон және мамандырылған платформа жасау жобалары іске асырылды. Мұндай вагондар өндірісі еліміз бойынша тұңғыш рет біздің қаламызда қолға алынды.
Тәуелсіздік жылдарында облыс орталығында мәдениет пен өнерді өркендетуге айырықша көңіл бөлінді. Елбасымыздың тікелей қолдауымен мәдениетті қолдау жылы болып жарияланған 2000 жылы қаламызда қазақ-сазды драма театры ашылды. Ашылуы Сәбит Мұқановтың 100 жылдығына тұспа-тұс келген өнер ордасына ұлы жазушы жерлесіміздің есімі берілді.
   27 қаңтарда ел Президенті Н. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын арнады. Жолдауда алдағы жылға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты басымдықтары айқындалған. Бұл орайда облыста ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Облысымыз әлеуметтік-экономиикалық дамуда жетістіктерге жетуде.
   Өңіріміздің тағы бір жетістігі - үдемелі индустриялық-инновациялық даму және ауыл шаруашылығын одан әрі әртараптандыру шеңберінде ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Осының нәтижесінде облыс тұрғындары жұмыспен қамтылды.
   Солтүстік Қазақстан ырғақты дамуда. Біз өз облысымызды – Қазақстанның тірегі деп мақтанышпен айта аламыз!

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий